Бозтал ауылының тарихы
Ең алдымен ауыл 1933-1941 жылдары коллективтендіру және колхоздастыру дәуірін бастан кешкен. Ауыл ең алғаш рет 1932 жылы «Ынталы» колхозы болып құрылған. 1957 жылы шаруашылық «Ленинский» (Қаратал) совхозы атанған. 1961 жылы «Өлеңті» кеңшары құрылып, Бозтал ауылы сол «Өлеңті» кеңшарының бөлімшесіне енген . 1975 жылы Бозтал ауылы өз алдына жеке «Горный» кеңшары болып құрылған. Егін шаруашылығы, мал шаруашылығынан қой , жылқы, ірі қара өсіру жұмыстары жолға қойылды. Совхоз құрамына «Усамбай», «Ордабай» ауылдары бөлімше болып енді. Тау ішінде Айғыржал, Жаманқара, Сейфулла, Тұмсық, Тұрқалық, Ақтөбе, Жуантөбе, Сасықсор, Қарасеңгір сияқты мал жайылым учаскелері болды. Кеңшар құрылғаннан кейін көптеген үйлер бой көтерді, жаңа мектеп, дәрігерлік пункт, кеңшар кеңсесі, байланыс бөлімшесі, азық-түлік және өндірістік тауарлар сататын дүкендер, мәдениет үйі салынып іске қосылды. 1997 жылы «Горный» кеңшары жеке шаруа қожалықтарына ыдырап кетті. Қазір ауылымыздың жағдайы да жаман емес, жылдан- жылға гүлденіп, өркендеп келеді. Оған дәлел: ауылымызда Алланың үйі мешіт бой көтерді.